Лондон соты Болгарияның алты азаматын Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасағаны үшін айыпты деп танып, оларды ұзақ мерзімге түрмеге қамауға үкім шығарды. Азаттықтың Болгар қызметінің хабарлауынша, топ мүшелеріне кесілген жазаның жиынтық мерзімі –50 жыл.
Топ жетекшісі Орлин Русев ең ұзақ мерзімге – 10 жыл 8 айға сотталды. Оның орынбасары Бисер Джамбазов 10 жыл 2 айға бас еркіндігінен айырылды. Ал Иван Стоянов кінәсін мойындағандықтан, сот оның жазасын 15 пайызға қысқартып, сотталғандар арасында ең қысқа мерзім – бес жыл түрме жазасын алды.
Лондон соты топтың өзге мүшелеріне "қылмысының ауырлығына байланысты" келесідей жаза кесті:
- Катрин Иванова – 9 жыл 8 ай;
- Ваня Габерова – 6 жыл 8 ай;
- Тихомир Иванчев – 8 жыл.
Судья Николас Хиллард Орлин Русев басқарған операциялар Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірді деп мәлімдеді. Айыптау қорытындысына сәйкес, сотқа тартылған бұл алты адам Ресей барлауымен тікелей жұмыс істемеген және олардың басты көздегені – ақша болған.
Сот үкіміне сай, алтауы да жаза мерзімінің жартысын Ұлыбритания түрмесінде өтеп, кейін Болгарияға депортацияланады. Британдық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, бұл топ кезінде Ұлыбританияда тұрып жатқан ресейлік зерттеуші журналист Роман Доброхотовты ұрлауды жоспарлаған.
Бұған дейін Лондондағы сотты бақылап отырған британ ақпарат құралдары айып тағылған Болгария азаматтары Insider медиа жобасының шеф‑редакторы Роман Доброхотов пен журналист-зерттеуші Христо Грозевтен бөлек, Ұлыбританиядан саяси баспана алған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті аңдыған деп жазған.
Сот процесі басталған кезде ВВС айыптау актісіне сілтеп, экс-әкімді аңду "Ресей мен Қазақстанның байланысын нығайту үшін жасалған. [Қазақстан] билігіне саяси оппоненттерінің қудаланғаны тиімді болуы мүмкін" деп хабарлаған. Telegraph басылымының жазуынша, тыңшылар желісінің жетекшісі Орлин Русев Интерполда іздеуде жүрген Ян Марсалекпен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы жайлы "фейк жасауды" талқылаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бергей Рысқалиевті аңдыған. Лондон соты Ресей үшін тыңшылық жасады деген Болгария азаматтарын кінәлі деп таптыРесей мүддесіне тыңшылық жасау ісі бойынша процесс Лондон сотында былтыр қараша айының аяғында басталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, болгар азаматтарынан құралған топ Ресейдің арнайы қызметтерінің тапсырмаларын орындаған: Ұлыбританияда, Германияда, Австрияда, Испанияда және Черногорияда деректер жинау мен аңду жұмыстарын атқарған. Топ мүшелерінің Telegram мессенджерімен жазған хаттарына қарағанда, олар Русевтің басшылығымен әрекет еткен, ал Русев Ян Марсалектен нұсқаулар алып отырған.
Ян Марсалек — Wirecard төлем компаниясының бұрынғы операциялық директоры. Қазір Германияда оның үстінен қозғалған Ресей мүддесіне тыңшылық жасау ісі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Былтыр наурыз айында Der Spiegel, Standard, The Insider басылымдары мен ZDF телеарнасы Марсалек он жылға жуық Ресейдің арнайы қызметтерімен байланыста болған болуы мүмкін деп хабарлаған. Қазіргі уақытта Ян Марсалек халықаралық іздеуде жүр.
Штаб-пәтері Мюнхенде орналасқан Wirecard қаржы концерні 2020 жылы банкротқа ұшыраған: оның Азиядағы есепшоттарында шамамен екі миллиард еуро жетіспейтіні анықталған. Бұл іс Германияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихындағы ең ірі қаржы жанжалы болған еді.
Азиядағы келісімдерге концерннің бас менеджері Ян Марсалек жауапты болған. Тергеу басталған соң ол із суытып, алғашында Беларусьқа барғаны анықталды. Кейін оның Ресейде жүргені анықталды, қазір де сонда болуы мүмкін деген болжам бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейге тыңшылық жасағандар" соты: Күдіктілерге Бергей Рысқалиевті аңдыған деген де айып тағылған