Түркия үкіметімен күрескен Күрдістан жұмысшы партиясы өзін-өзі тарататынын жариялады

Наразылық акциясына шыққан күрдтер түрмеде отырған Күрдістан жұмысшы партиясының лидері Абдулла Оджаланның портретін ұстап тұр.

Тәуелсіз күрд мемлекетін құру мақсатын көздеп ондаған жыл бойы Түркия үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізген Күрдістан жұмысшы партиясы (КЖП) өзін-өзі таратып, қаруын тастайтынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты 12 мамырда ұйымға жақын Firat ақпарат агенттігі хабарлады.

Түркия, АҚШ және Еуропа одағы КЖП-ны террористік ұйым деп таныған.

Қазіргі кезде Түркияда өмір бойына бостандығынан айырылып, түрмеде отырған КЖП басшысы Абдулла Оджалан бұған дейін ұйымды өзін-өзі таратуға үндеп мәлімдеме жасаған болатын. Оджаланның үндеуіне жауап ретінде КЖП Ирактың солтүстігінде, ұйымның негізгі базасы орналасқан жерде жиын өткізіп, бұл шешімді қолдады. Жария болып отырған мәлімдемеде КЖП "тарихи миссиясын орындағанын", енді күрд мәселесі демократиялық жолмен шешілуі мүмкін екенін айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркиядағы терактіде бес адам мерт болып, 20-дан астамы жараланды

Түркияның билеуші партиясының өкілі Өмер Челик бұл шешімді "террордан азат Түркияға қарай маңызды қадам жасау" деп атады. Хабарларға қарағанда, Анкара КЖП-дан осындай шешім күткен. Ақпарат агенттіктері Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған күрдтер тығыз қоныстанған елдің оңтүстік-шығыс аймақтарын дамытуға, егер ол жерлерде қауіпсіздік қамтамасыз етілетін болса, қосымша қаражат бөлуге уәде еткен деп хабарлады.

Кейінгі уақытқа дейін Түркия құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен шенеуніктерге қарсы терактілер жасап келген КЖП-мен күресті билік оппозицияны қудалауға да сылтау етіп пайдаланған. Мысалы, жақында ұсталған Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлына КЖП-мен байланысы бар деген айып тағылған.

Күрдістан жұмысшы партиясы 1984 жылдан бері Түркия билігіне қарсы қарулы күрес жүргізіп келді. Түркия болса сепаратистермен күрес барысында көрші елдер аумағында да жиі операциялар жүргізіп, кейінгі жылдары Сирияның солтүстігіндегі бірнеше аймақты басып алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркия Ирак пен Сириядағы Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысты нысандарға шабуыл жасады