Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне сырттай үкім шығарды

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамед Қонысбаев (оң жақта) пен Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің кездесуі. 2022 жылдың тамыз айы.

Мәскеудің Басман аудандық соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевский 6 жылға бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтесін деп оған сырттай үкім шығарды. Ресейлік басылымдар мұны дипломаттың адвокатының айтқанына сүйеніп хабарлады.

Ресей соты Украина дипломатына осымен екінші рет әлгіндей жаза мерзімін белгілеп, үкім шығарып отыр.

Бұған дейін Басман соты 2024 жылдың тамыз айында Петр Врублевскийді ұлт пен тіл ерекшілігіне бола өшпенділік пен жаулық тудыру бабы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға бас еркіндігінен айыру жазасын сырттай кескен.

Сол жылы қарашада сот істі қайта қарау үшін әлгі үкімнің күшін жойған.

2022 жылдың тамыз айында қазақстандық блогер Диас Кузаировтың арнасында Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің сұхбатынан үзінді жарияланған. Соғыс басталғаннан кейін Украина азаматтарының ресейліктерге көзқарасы туралы сұраған блогерге елші: "қазір неғұрлым көп орыстың көзін құртсақ, балаларымыз соғұрлым аз жоятын болады" деп жауап берген. Дипломат жауабында тек соғысып жүрген Ресей сарбаздарын меңзеді ме, болмаса Ресейдің кез келген азаматы туралы айтты ма, ол жағын нақты түсіндірмеген.

Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде тарап, Мәскеу Астанадан Врублевскийді елден кетіруді талап етті. Осы жайтқа байланысты Ресей сыртқы істер министрлігі тіпті Қазақстанның Ресейдегі елшісін шақыртты.

Одан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина елшісі Петр Врублевскийді шақыртып, оған наразылық білдіргенін мәлімдеп, "Врублевский кешірім сұрады" деген ақпарат таратты.

2022 жылғы қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметінен босатқан. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі сол кезде Врублевский елден шығарылсын деген талап қоймағанын, оның демалыста екенін мәлімдеген еді.

Екі жыл үзілістен соң, 2025 жылғы 7 сәуірде Украинаның Қазақстандағы жаңа елшісі тағайындалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Қазақстанның Украинадағы елшісін ауыстырды