"Әндіжан қырғынына" 20 жыл. Оқиға қалай болды, содан бері не өзгерді?

Әндіжан оқиғасы құрбандарының алдына дұға оқып тұрған адамдар. 2005 жылғы 14 мамыр.

2005 жылғы 13 мамырда Ферғана алқабындағы Әндіжан қаласында қайғылы оқиға болды. Өзбекстанның жаңа заман тарихында оны "Әндіжан қырғыны" деп атайды. Қалада бір топ жергілікті кәсіпкердің сот ісі жаппай наразылыққа ұласып, биліктің халыққа оқ атуымен аяқталды. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын куәгерлер қанды қырғынды еске алғысы келмейді. Ал өзбек билігі қайғылы оқиға болған жерге ірі сауда орталығын салмақ. Құқық қорғаушылардың айтуынша, билік осылайша қырғынды ұмыттырғысы келеді.

БАРЛЫҒЫ 23 КӘСІПКЕРДІҢ СОТ ІСІНЕН БАСТАЛДЫ

2004 жылғы маусымда Әндіжанда 23 жергілікті кәсіпкер қамауға алынды. Оларды бұрынғы кәсіпкер Акрам Юлдашев басқарады деген "Акрамия" діни ағымына қатысы бар деп айыптаған. Экстремизм бабымен сотталған Юлдашев 1999 жылдан бері түрмеде отырған. 2016 жылғы қаңтарда өзбек шенеуніктерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлиқ) Юлдашев 2011 жылы түрмеде қайтыс болды деген. Өлімнің себебі деп аталған көп нұсқаның бірі – туберкулез ауруы.

"Акрамия" діни ұйымының жетекшісі деген Акрам Юлдашев.

"Акрамия" дейтін топ барына күмәнданғандар аз болмады. Жергілікті тұрғындар бұл істі Әндіжан облысындағы бизнесті қайта бөлісудің салдары деп атады. Кәсіпкерлер қамауға алынған соң, олардың кәсіпорындары облыстың жаңа басшысына жақын деген адамдарға өткен.

2005 жылғы ақпанда Әндіжанда кәсіпкерлер ісі бойынша сот тыңдауы басталды. Сот отырысы жүріп жатқан тұста қамалғандарды қолдайтын пикеттер жиі өтіп тұрды.

10 мамырға қарай наразылар саны 100-ге жетті. Ал 12 мамырда екі мың адам болды. Наразылық бейбіт сипатта өтті.

2005 жылғы 13 мамырға қараған түні іс насырға шапты. Көрші тұрған Қырғызстаннан 35 қарулы ер адам өзбек шекарасын кесіп өтіп (кейінірек өзбек билігі оларды исламшыл экстремистер деп атады), Әндіжанға жақын жердегі милиция учаскесіне шабуылдаған. Олар бірнеше милиционерді өлтіріп, солардың қару-жарағын тартып алған да, орталықтағы №3 изоляторға бет алған. Сол жерде жазасын өтеп жатқан екі мың адамды босатып жіберген. Түрмеден босатылғандар арасында әлгі сотқа тартылып жатқан кәсіпкерлер де болған.

Осыдан соң қарулы топ қасына жүздеген сотталушыны ертіп алып, Әндіжандағы наразыларға қосылуға аттанған. Сол күні изолятордан босатылғандар арасында радикал исламшыл топтарға қатысты деп айыпталғандар да, өзге қылмыс жасағандар да болған. 13 мамыр күні таңертең қарулы адамдар қала әкімшілігін басып алды.

Әндіжан орталығындағы наразылық. 2005 жылғы 13 мамыр.

Ал Әндіжан қаласының орталығында Бабыр ескерткіші тұрған алаңға мыңдаған адам жиналған. Олар қамауға алынған кәсіпкерлерді босатуды талап етіп, президент Ислам Каримов келсін деді. Куәгерлердің сөзінше, жиналғандар бейбіт наразылық білдіріп тұрған.

13 мамырдың екінші жартысында наразылар тұрған жерге БТР-лар келіп, шерушілерге жосықсыз оқ жаудырған.

БІР ҚАБІРДЕ БІРНЕШЕ МӘЙІТ

Озодлиқтің Әндіжандағы бұрынғы тілшісі Гофуржон Юлдашев 2005 жылғы кәсіпкерлер ісінен алғашқы күннен хабар таратып келген. Азаттық Азияға берген сұхбатында ол адамдардың жаппай атылғанын Прагада іс-сапарда жүріп естігенін айтты. Сөйтіп ол Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Андрей Бабицкиймен бірге Өзбекстанға ұшуға асыққан.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің Әндіжандағы тілшісі болған Гофуржон Юлдашев.

– Әуелі Мәскеуге барып, 14 мамырдың таңында Ташкентке жеттік. Астанадағы таксишілер Андрейді отырғызудан бас тартты. Олар: "Біз бұл адамды өткізе алмаймыз. Ол – шетел азаматы, Әндіжанға кірерде қатаң тексеріп жатыр" деді. Тек бір таксиші ғана апаруға келісті. Бірақ ол әр бекет сайын Андрейді көліктен түсіріп, өтіп бара жатқан жүк көліктерінен оны алып өтуді, белгілі бер жерге дейін жеткізіп тастауды сұрады. Бекеттен өткен соң, таксиші Андрейді алып кетіп отырды. Сөйтіп 15 мамыр күні таңертең біз Әндіжанға жеттік, – деді Гофуржон Юлдашев.

Журналистің сөзінше, атыс болғаннан кейін екі күн өтсе де, қала көшелерінде әлі де қан ізі болған.

– Әндіжанда Қошарық дейтін жер бар. Сол жерде көп адамды атып тастаған. Ол "Юбилейный" кинотеатрының қасында. 15 мамырда күндізгі 10-11 шамасында біз асфальтта қалған қанды жуып жатқанын көрдік, сол жерде атылған адамдардың аяқ киімдері шашылып жатты. Үйіме бара жатқан жолда қала әкімшілігінің жанып жатқан жеті қабатты ғимаратын көрдік. Ол жаққа бару мүмкін болмады. Бала күнімізде автомат ұстаған, каска киген фашистер туралы фильмдер көретінбіз. Сол сияқты адамдар әкімдік ғимаратының жанында, каска киіп, автомат асынып тұрды, ол маңды ішіне әлдене салынған қаптармен қоршап тастаған. Бұл көрініс бізге соғыс туралы фильмдерді еске салды, – деді Гофуржон Юлдашев.

Ресми мәлімет бойынша, Әндіжан оқиғасы кезінде 187 адам мерт болған; бейресми деректер бойынша, қаза тапқандар мыңнан асады.

– Журналистік зерттеу жүргізгенімде бір танысым Әндіжандағы Богишамол ауданында оның бір танысы жұмыс істейтін зират барын айтты. Біз сонда бардық. Жерлеу орындарын көрдік, қабір қазатын адамдармен сөйлестік. Солардың біреуі бір қабірге төрт мәйіттен жерленгенін айтты. Мен одан: "Сіз өзіңіз жерледіңіз бе?" – деп сұрадым. Ол: "Жоқ, бізге рұқсат берілмеді, орыс зиратынан қабір қазатындарды алып келді, солар жерледі. Біз шетте тұрып бақыладық" деді. Тағы бір әндіжандықтың айтуынша, танысы мәйітханаға барғанда бір мәйіттің аяғына байланған биркада 1017 деген нөмір жазулы болғанын көрген. "Акрамиттермен" бірге қамауға алынған бір танысымның айтуынша, тергеу кезінде оған Әндіжанда өлтірілген адамдардың альбомдарын көрсеткен. Ол бұл альбомдарда мыңдаған мәйіттің суреті болғанын көрдім деп айтты, – деді Юлдашев.

Әндіжандағы қанды оқиғадан соң, Юлдашев туыстарының өміріне алаңдап, Өзбекстаннан отбасымен бірге көшіп кетуге мәжбүр болған. Оған өзінің зерттеулері, оқиға куәгерлерімен сөйлескені түрткі болған. Ол қазір отбасымен бірге Канадада тұрады.

Әндіжан қырғыны

БАСТЫ КІНӘЛІ АДАМДАР ӘЛІ ЖАЗАЛАНҒАН ЖОҚ

Ташкент ұзақ уақыт бойы шерушілерді өлтірген өкімет емес, қарулы содырлар деп мәлімдеп келді.

Бірақ президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, 2020 жылғы ақпанда Өзбекстан бас прокурорының орынбасары Светлана Артықова 2005 жылғы 13 мамырда бейбіт шерушілерге оқ атқан өкімет әскері екенін алғаш рет мойындады.

Qalampir.uz басылымының журналисіне берген сұхбатында ол қырғынға жауапты деген "кейбір шенеуніктер" қылмыстық жауапқа тартылғанын айтқан. Бас прокурордың орынбасары олардың аты-жөнін атамады.

"Кейбірі жазасын өтеп, қалыпты өмірге оралды" деді Светлана Артықова.

Журналист Әндіжан оқиғалары жайлы бұған дейін не себепті ашық айтылмады деп сұрақ қойғанда, ол "ел өзгерді" деп жауап берген.

"Ол кезде Өзбекстан жабық болды. Бізге шетелдік БАҚ-пен және тағы басқалармен жұмыс істеу өте ауыр болды. Қазір Жаңа Өзбекстан, жаңа саясат бар. Қазір жаңа саяси ерік бар. Біз өзіміз де жаңардық", – деді бас прокурордың орынбасары.

Бұрынғы ішкі істер министрі, сол кезде елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметін (қазіргі Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі) басқарған Рустам Иноятов секілді сол қайғылы оқиға кезінде негізгі рөл атқарған Өзбекстан шенеуніктерінің көбі әлі күнге дейін жасаған ісі үшін жазаланбады деп санайды Францияда орналасқан "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығының жетекшісі Надежда Атаева.

"Әндіжандағы Ұлы Бабыр алаңындағы митингіге қатысушыларды ату жөніндегі бұйрықты орындаған Өзбекстанның бұрынғы ішкі істер министрі Закир Алматов осы қанды оқиға үшін марапатталып, көп ұзамай құрметпен зейнетке шықты. Ал жаңа президент Мирзияев оны билікке қайтарды. Алматов Ішкі істер министрлігінің, тіпті Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің кадр саясатына әлі де ықпал етеді. Ол әлі де Өзбекстан ішкі істер министрінің кеңесшісі. Одан бөлек, ол ауық-ауық Чехия Республикасына барып, Карловы Варыда емделіп тұрады. Ал Алматовтың сарбаздары оқ атқан адамдардың көбі әлі күнге дейін түрмеде отыр, не террористер тізімінде, кейбірі қайтыс болған", – деді Атаева.

ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН ОРНЫНА БИЗНЕС-ОРТАЛЫҚ САЛУ

2024 жылы қарашада Өзбекстан билігі бейбіт шерушілер қаза тапқан атышулы алаңда бизнес-орталық салуды жоспарлап отырғаны мәлім болды. Билік сол жерге жолайрық салып, алаңды уақытша жабамыз деді.

Бір жылдан соң, 2025 жылғы 15 сәуірде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысын дамыту жайлы жиналыста №3 тергеу изоляторының орнына сауда-сауықтыру кешенін салуды ұсынды. 2005 жылғы мамырда басып алынған бұл изолятор "Әндіжан түрмесі" аталып кеткен.

Президент қала орталығында тергеу изоляторы тұрғаны қисынсыз екенін айтты.

"Жүз жыл бұрын салынған бұл "суық" ғимарат жаңарып жатқан, заманауи Әндіжанның келбетіне қайшы келеді" деп келтірді Мирзияевтің сөзін оның баспасөз қызметі. "Осы себепті мекемені қала шетіне көшіру жайлы шешім қабылданды. Оның орнына заманауи сауда-сауықтыру және қызмет көрсету орталығы салынады деп жоспарланып отыр".

Құқық қорғаушы Атаева өзбек билігінің жоспарын "арсыздықтың асқынғаны" деп атады.

"Бұл нысанның ел тарихындағы қанды қайғылы оқиғалармен байланысы бар екені еш жерде айтылмайды. Шавкат Мирзияев жүргізіп отырған мұндай саясатты ресми пропаганда қалай түсіндіргісі келсе де, оның гуманизацияға еш қатысы жоқ. Францияда да түрмелерді қаладан тыс жерге көшіреді, ескі түрме ғимараттарының орнында қонақүйлер, дискотекалар мен сауда бутиктері ашылады. Бірақ дәл сол кешендерде түрменің тарихы мен оның құрбандары туралы нақты мәлімет сақталған мұражайлар да құрылады", – деді құқық қорғаушы.

КУӘГЕРЛЕРДІҢ ҮНСІЗДІГІ

2005 жылғы 13 мамырда өкімет әскерінің оғынан қашқан жүздеген әндіжандық Қырғызстан шекарасына ұмтылған. Кейінірек Бішкектегі БҰҰ Босқындар істері жөніндегі басқармасының көмегімен бұл адамдар әуелі Румынияға көшіріліп, содан соң олар АҚШ, Австралия, Канада, Швеция, Германия, Чехия, Швейцария, Нидерланд және Бельгия елдерінен пана тапқан. Қантөгіс болғаннан бері 20 жыл өтсе де, олар бұл оқиғаны еске алғысы келмейді және сұхбат беруді қаламайды.

"Қазіргі бейбіт өмірді ойлайық. Болар іс болып, бояуы сіңіп кетті ғой. Енді бізге бейбітшілік пен тыныштық керек" деді Озодлиққа сегіз жыл бұрын Еуропада тұратын әндіжандық босқындардың бірі.

Швейцариядан пана тапқан әндіжандық босқын Шамсиддин Атаматов осыдан бірнеше жыл бұрын журналистерге сұхбат беріп, "Акрамия" діни қозғалысына қатысы бар деп айыпталған әндіжандық босқындар мен елдің сол кездегі президенті, бүгінде марқұм болған Ислам Каримов арасында 2005 жылғы 13 мамырда болған оқиғалар жайлы үнсіздік сақтау жөнінде бейресми келісім болғанын мойындады.

Осыдан соң, 2006 жылғы жазда 60-қа тарта әндіжандық босқын Батыстан өз еліне оралды. Бірақ нәтижесінде күш құрылымдары оларды аңдып, телефон әңгімесін тыңдап, күн сайын милиция бөліміне барып есеп бергізгені айтылады.

Надежда Атаеваның сөзінше, 20 жыл өтсе де, Әндіжан оқиғасының құрбандары, сол кезде жапа шеккендер ақталмай отыр, арнайы қызметтер оларды да, шетелде жүргендерін де аңдиды.

"Бұл қайғылы оқиға көптеген бала мен ата-ананы ажыратты. Дәл осы азаматтар "Жаңа Өзбекстан" саясатына бірінші болып сеніп, отанына орала бастады. Олар Швеция, Германия, АҚШ және өзге елдердегі өзбек дипломаттарының сөзіне сенді. Алайда, біздің ұйымның мәліметінше, Әндіжан оқиғасы куәгерлеріне 2016 жылдан кейін де үкім шығып жатыр", – деді құқық қорғаушы.

2017 жылғы мамырда Әндіжан оқиғасына қатысы бар деген айыппен 20 жылға сотталған әндіжандық Қобылжон Парпиевтің ұлы Жахангир қанды қырғынды ұмытуға шақырды. Сондай-ақ ол Әндіжан оқиғасын еске сала беретін құқық қорғаушылар мен журналистерді "қажеті жоқ іспен" айналысып отыр деп айыптаған.

Ресми Ташкент қанды оқиғаны тәуелсіз халықаралық тергеуден бас тартты.